Дактиль
Данила Тоқтасынова
Фэнтези ел арасындағы халық ауыз әдебиетінен алынатын болғандықтан, бұл жанрда жазатын жазушылар көбіне халықтың мифологиялық танымындағы ғажайып күш иелері мен өмірде жоқ ғажайып жануарларды қаламға тиек етеді. Әрине, мұндайда авторлардың көпшілігі аңыздардың сюжетін қайта жаңарта жазумен немесе әйгілі ертегінің соңын ары қарай өрбітумен айналысады. Жоан Роулиңгке Хәрри туралы кітаптың идеясы пойызда келе жатып ойына келген. Бас кейіпкер Хәрри бірге толар-толмас әке-шешесінен айырылып, нағашы әпкесі мен жездесінің қарауында қалады. Бұл оқиға желісін ағылшындардың атақты Артур патша мен ұлы сиқыршы Мерлиннің аңызынан көруге болады. Сонымен қатар, Хәрриге туыстарының күн бермей, жиенінің мазағына көнуі көп ертегілерде(соның ішінде «Күлбике» ертегісінде) кездесетін композицияның бастамасы.
Бірінші кітапты тәржімалаған: Беркіқажы Н., Мәзен Д., Мұхамедияр С. Екінші бөлімді аударған – Динара Мәзен. Жалпы, аударманы дүйім жұртқа қазақтың аудармасы деп мақтануға тұрады. Олай дейтін себебіміз, бүгінде қолданылмайтын бірақ әлі күнге дейін пайдалануға болатын сөздер немесе тек орыс тілде айтатын лексикалық бірліктерді ұтымды кәделеріне жарата білген. Мәселен, қазір «сынып старостасы» деп ауызекі тілде қолданатын сөзді «серке» деп аударған, қазақта жоқ, бірақ өзге аудармаларда «рыцарь»(Тақтар таласында осылай берген) деп айтылып жүрген сөзді «сері» деп аударған. Marauder’s map — «тонаушы картасы», «алаяқтар картасы», «сотқарлар картасы» мағынасына сай келетін сөзді «содырлар картасы» деп қазақи жұп-жұмыр, әдемі аударған.
— Жасырын бөлме қайта ашылғаны рас екен, — деді Дамблдор.
Бұл бөлімде оқырманның алдынан шығатын жаңа мифтік жануарлар: Том Реддлдің(Волдеморт) аждаһасы, Дамблдордың фениксі — Фоукс, Хәгрид кезінде тығып асыраған алып өрмекші — Арагог. «Хәрри Поттер мен Жасырын бөлме» романының ерекшелігі де, мистикалық-фантастиканың детективпен біте қайнасып, оқырманын «дуалауында».
Хәрри Поттер серияларындағы Хәрри Поттер — романтикалық образ болып табылады. Ол үнемі достарымен бірге түрлі атаулы қиындықтарға тап болады да, әрдайым аман шығады. «Романтикалық образ — әдебиеттегі адам бейнесінің байырғы түрлерінің бірі. Бұл образдың алғашқы үлгілері баяғы көне дүние әдебиетінде, оның «әрі өнген топырағы, әрі байлық қоры» боп табылатын мифте қала берсе, қай халықтың болса да ауыз әдебиетінде жатыр. Әрқашан алға, алысқа асыққан халықтың қиялы да телегей-теңіз. Ал романтикалық образдың негізінде қиял жатады. Романтикалық образ өмірдегі болған немесе бар деректен гөрі өмірде әзірше жоқ, бірақ болатын дерекке негізделеді». Сонымен қатар, Хәрридің досы Ронның отбасы, құрбысы Хәрмиона, алып қорықшы Хәгрид және де тағы басқа кейіпкерлердің сондай шынайы болуы, Хогвартс сияқты мектептің расымен де болуы мүмкін екендігін бізге жақындата түседі. Өйткені, оқырман олар жайлы бәрін біледі: не ішеді, қайда ұйықтайды (тіпті қандай түстер көріп жүр), нені ұнатады, кімде ойы бар, сіз бірнәрсе айтсаңыз ол қалай жауап береді т.с.с. Мұндайды эпикалық образдарға жатқызамыз.
— Бұл сыпыртқымен ұшуға болмайды! — деді Хәрмиона дауысын көтеріп.
Хәрри мен Рон түк түсінбей қарап қалды:
— Сонда не істеу керек? Жер сыпыру керек пе?
Хәрмиона жауап берем дегенше, Симустың төсегінде отырған Қылғыт Ронның кеудесіне бір-ақ қарғыды.
Бұл эпикалық-фантастикалық романның 80 тілге аударылып, феноменге айналуының да басты құпиясы, осы қайталанбас образдарында деп білеміз. Кітап аяқталғанда достарыңмен қоштасқандай күй кешіп, Хогвартсты кәдімгідей қимай қалатының да бар.
Тақырыптың аударылуынан бастап, бөлім атауларына дейін өте ұқыптылықпен тәржімаланған. Мәселен, «Інге» оралу», «Қара таңба», «Ең ауыр қарғыстар», «Үй тірлігін атқаратын эльфтерді азат ету майданы», «Нартуған балы», «Шындықсу» т.б.
Автордың хоррор (қорқыныш ұялататын) жанрын араластыруы, оқырманды одан сайын кітаптан бас алмай ынтыға оқуға мәжбүрлейді:
Үңгірге ұқсап қаңырап қалған асүйге кірді. Мұнда кірмегелі көп болған еді, дегенмен холға апаратын есік қай тұста екенін есіне түсірді де, қараңғыда түртініктеп солай қарай жүрді. Мұрнына шірік иісі келді, жоғарыдан дауыс естілген сияқты, біреу жүрген тәрізді.
Өзін үшінші жаққа қойып сөйлейтін эльфтерден басқа кейіпкер — Лорд Волдеморт. Оның репликаларынан-ақ айбаты мен сұсы көрініп тұрады. Аудармашы мұны жақсы түсініп, түнек лордына тән сарказмның ең қою бояуын жақсы берген.
— Әйелің жоқ, — деді суық дауыстың иесі. — Мұнда екеніңді ешкім білмейді. Осында барамын деп ешкімге айтқан жоқсың. Магл, Лорд Волдемортты алдаймын деп ойлама, ол бәрін біледі...бәрін...
— Шымшық торттар! — деп бәріне жар салды қуанған Фред. — Оны Жорж екеуміз ойлап таптық, әрқайсысы алты сиқылдан, кімге керек?
Ағылшын тіліндегі жеті санын неге алты деп бергенін түсінбедік. Оған қоса тек сиқыршыларға тән ақша валютасын транскрипция әдісі арқылы көрсеткен.
— Егер дәл осындайды сексен рет айтпаса, расында да ойланар едім, - деді Хәрри бәрі профессор Трелонидің сыныбынан қайта таза ауаға шыққанда. — Өледі деген сайын шынымен өліп тұрсам, мен баяғыда-ақ мың өліп, мың тірілген медициналық ғажайыпқа айналып кетер едім.
«Медициналық ғажайып» сөздерін тура аударылса да сөйлемде бұл тіркес бөтенсіп тұр. Сафир Мориц — Готлиб бір сөзінде: «аударма деген әйел сияқты адал болса (тура аударылса дегені ғой) әдемі емес, ал әдемілері адал емес» деген екен. Тура сол жағдай мұнда орын алып тұр.
Жеткіншек шақта бүлдіршін қыз бой жетіп, ұлдар ер жетеді. Дене бітімдерінің өзгеруіне байланысты, көбісі өз тәндерінен ұялшақтауды шығарады. Роулиң бүршік жаратын осындай адам ғұмырының көктем уағын Нартуған балымен тартымды көрсеткен екен.
— Билеу керек, — деді профессор Макгонагал ыза болып. — Айттым, бітті. Дәстүр бойынша балды чемпиондар жұбымен бірге билеп ашады.
Хәрри кенет өзін цилиндр мен фрак киіп, қасында Вернон жезденің жұмысындағы салтанатты кештерге Петуния апай киетін сәнді көйлегі бар қызбен келе жатқанын елестетті. Хәрри де өзге жасөспірімдер сияқты қызбен билеуді азап көреді.
— Сен танауыңның астындағы көрмейтін соқырға айналдың, — деді Дамблдор даусын көтеріп, министрден мысы басым екенін бәрі айқын сезді. — Корнелиус, мансапқұмарлықтан көзіңді шел басыпты! Сен үнемі қан тазалығы деген далбаса пікірге иланып, ерекше мән беріп келдің! Адам кімнен туғаны емес, қандай болып өскені маңызды екенін мойындауың керек!
«Танауыңның астындағы», «мысы басым», «мансапқұмарлықтан көзіңді шел басыпты», «далбаса пікір» деген түсініктер ағылшын тілінде жоқ. Аудармашы екі тілді де жетік меңгеруі мен егер Роулиң қазақ болса осылай айтар еді деген болжамының арқасында әшейінде жайбарақат, жайсаң мінезді Дамблдордың қатты ашулы екенін көрсеткен.
Хәгридтің сөйленісінен бөлек, Флер Делакурдің француз тілді адамның ағылшын тіліне беретін акцентін, аудармашы асқан данышпандықпен орыс тілді шала қазақтың қолапайсыз сөздері сияқты етіп жіберген:
— Биз тағы корисемиз, — деді Флер Хәрридің қасына келіп, қолын созып. — Осында жумысқа туғсам дейм, ағылшин тилин жағсағту ушин... Сонымен қатар, француз тілінің де ғ дыбысы ерекшелігін қосып берген.
Ж.К.Роулиңнің жанрының әралуан болуымен қатар жеңіл оқылуына себеп болуы ағылшындарға тән кекесін, баланың жас ерекшелігіне сай комедиялық репликалардың көп кездесуі. Юмордағы күлкі — әзіл, ал әзіл келемежге айналса — ирония, келемеж ащы мысқылға айналып, сын үдей түссе – сарказм болғаны. Осындай, кітапты тартымды етумен айналысатын кейіпкерлер — егіз Уизлилер, және олармен үнемі бірге жүретін Ли Жордан, Уизли отбасының тағы бір ұлы, Хәрридің жан серігі Рон.
— Жаңа ештеңе үйренбейміз бе? — деді Захарис Смит бөлменің арғы басынан. — Оны білгенде келмей-ақ қояр едім.
— Туһ, Хәрридің саған ескертпегеніне бәріміз ренжіп тұрмыз, — деді Фред. Оқушылар күлді. Хәрри Чоудың да мырс еткенін байқағанда жүрегі дүрсілдеді, баспалдақта келе жатып шалынып қалғандай іші солқ ете түсті.
Ағайынды егіздерге жететін қылжақбастар жоқ шығар. Аудармашылардың Фред пен Жорждың мысқылдары мен мазақ сөздерін қазақшаға дөп түсіп тәржімалауы орнымыздан тұрып қол шапалақтауға тұрарлық еңбек.
Хәрмиона дәретханадан шықпас бұрын айналаны барлап көруге кеткенде, Рон Хәрриге: «Ертең Малфойды сыпыртқыдан аударып түсіре салшы, әуреміз азаяды» деп сыбырлады».
Рон негізі іске шорқақ, қимылы сылбыр, оқудағы үлгерімі ортадан төмендеу, үнемі жамандыққа ұрынғыш, тұзы жеңіл бала болғанымен, сөздеріндегі әпенделігі оқушының езуіне күлкі үйірері сөзсіз.
— Куофл бірден Анжелина Жонсонның қолына түсті, ол Грифиндордың керемет шабуылшысы, оған қоса сүйкімді қыз десем қателеспеймін.
— ЖОРДАН!
— Кешіріңіз, профессор.
Жордан куидич ойынында коментатор, кейде тақырыптан ауытқып кететін әдеті бар. Ол да, көп көріне бермесе де, куидич ойыны сипатталатын бөлімдерді өзінше әрлеп тұрады.
«Хәрри Поттер мен Феникс алқасы» бөлімдердің ішіндегі ең көлемдісі, әрі мазмұн мен пішін жағынан да ең ауыры. Мұнда бас кейіпкерлер балалығымен қош айтысқан, психологиялық иірімдері жаңа толқынға көтерілген, жеке тұлға болып қалыптасу алдындағы жасөспірімге айналады. Оқырманның жасы жетпеген жағдайда, көп нәрсені түсінбеуі мүмкін:
— Сүйістіңдер ме? — деді Хәрмиона бастырмалатып.
Рон түрегеліп отырам деп қорбағанда сиясын төгіп алғанына да мән бермей, Хәрридің аузына кіріп кетердей қарады.
— Айтсаңдаршы!
Хәрри оның білмей қоймайтыны жазылып тұрған көзіне бір қарады да, салмақты отырған Хәрмиона қарап бас изеді.
— ХА!
Көркем аудармаға деген талап нағыз өз дәрежесіне көтерілуі тиіс. Сонда ғана қазақ тіліне аударылған әрбір үлкен шығарма әдебиетімізге мол үлесін қосып, халқымыздың рухани мәдениетін байыта алады.
Аянып қалған аудармашы жоқ, әркім-ақ барын салған. Хәрри Поттер бөлімдерін аударушылар көп тұсында пішінді ұмытып, мазмұн қуалап, немесе өз жанынан қосқанымен, Роулиңге тән юморлық стиль мен фантастикалық жанрдағы қазақ тілінде бұрын соңды болмаған сөздер мен сөздер тіркестерін жасап шығара алған.
Данила Тоқтасынова — жазушы әрі сыншы. 21 жаста, Жамбыл облысында тұрады. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша тамамдаған. Ольга Маркованы еске алуға арналған Qalamdas әдеби сыйлығының финалисті «Әдеби сын» аталымында.